Гистология кафедрасы

Гистология, цитология, эмбриология кафедрасы 1932 жылы ұйымдастырылып, алғашқы 2 жылда «Адам морфологиясы» кафедрасы деген атпен қалыпты анатомия кафедрасымен біріктірілді. Кафедра меңгерушісі қызметін профессор П.О.Исаев атқарды. Гистология пәнінің практикалық сабақтары малдәрігерлік институттың базасында өткізіліп, дәрістерді мал дәрігерлік институттың профессоры В.В.Авербург оқыды. Сол кезде кафедрада 7 микроскоп, 60 микропрепараттар, 2 оқу кестесі болған.

11933 жылы кафедра аумағы 40 шаршы метр жеке оқу орнымен қамтамасыз етілді. 1934 жылы З.Ф.Гусева кафедра меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін кафедраның ұйымдастыру жұмысы мен оқыту жұмыстары біршама жақсарып, ілгеріледі. 1937 жылы алғаш рет ассистенттік қызметтің штаты бекітіліп, А.В.Кирилличева мен И.С.Новик практикалық сабақтарды өткізуге шақырылды.

Дәл осы уақыттан бастап ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алына бастады. Мәскеулік профессор В.К.Белецкидің жетекшілігімен З.Ф.Гусева – адам ұрығының дамуы барысында байқалатын патологиялық морфологияны зерттеді. А.В.Кирилличева да көздің қасаң қабығын ауыстырып салу жұмысын профессор В.П.Рощиннің жетекшілік етуімен жүргізді.

Сұрапыл Ұлы Отан соғысы кезінде кафедра ұжымы орталық медициналық институттардан келген оқытушылармен толықтырылды.

21941-1945 жылдар аралығында кафедраны Смоленск қаласынан ауысып келген Л.И.Фалин басқарды. Сонымен қатар В.В.Анисимова, М.Н.Ринчина, Е.Д.Пискунова да кафедра ассистенті қызметіне қабылданды. Л.И.Фалиннің тұсында оқу үрдісіне айтарлықтай жаңалықтар енгізілді. Атап айтқанда практикалық сабақтарда эфолюциялық гистология мен эмбриология мәселелеріне кеңінен көңіл бөлінді.

Профессор Л.И.Фалин оқыған дәрістер өте жоғары бағаға ие болды. Қабылданған емтихандарға қатаң талаптар қойылды, оқытушылардың мамандығын жетілдіру жұмыстары жолға қойылды. Оқытушылардың барлықтары ғылыми-зерттеу жұмыстарына араласа бастады. 1943 жылы Л.И.Фалин «Жыныс бездерінің тератоидты ісігінің морфологиясы мен патогенезі» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғай отырып, гоноциттерден дамитын ісіктердің пайда болуы жайында жаңалық ұсынды. Ассистент А.В.Кирилличева «аутопластика жағдайында көздің қасаң қабығын ауыстыру» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғады. 1944 жылы В.В.Анисимова “Шеткі нерв жүйесінің құрылысына” арналған кандидаттық диссертациясын өте жоғары деңгейде тамаша қорғап шықты, ал 1945 жылы Е.Д.Пискунованың да ғылыми жұмысы табысты аяқталып, қорғалды. (Туберкулез кезінде мойын лимфа түйіндерін зерттеу).

Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуына орай кафедра құрамы өзгертілді, яғни қазақ медицина институты оқытушыларының қатары өз түлектерімен толықтырыла бастады. Солардың ішінде Е.П.Смирнова, Н.Н.Беляева, Т.С.Пляскиналарды атап өтуге болады. Осы уақытта кафедраны бұрын патологиялық анатомиялық кафедрада жұмыс істеген доцент Е.Г.Троицкая басқарды. Оның басшылығымен пәнді беру әдістемесін жетілдіру, жақсарту жұмыстары қолға алынып, бірқатар жұмыстар атқарылды – дәрістердің тақырыбы кеңейтілді, әрбір бөлім бойынша практикалық сабақтарды өткізуге арналған әдістемелік нұсқаулар жасалды. Кафедраны жаңа оқу ғимаратына ауыстырылды, бірнеше оқу бөлмелері қосылды, кестелер, микропрепараттар, микроскоптар қоры көбейді.

3Осы кезеңде кафедрада оқу-зерттеу жұмыстары әр түрлі бағыттарда жүргізілді. Е.Г.Троицкая ересек адамдардағы алғашқы туберкулездің морфологиясын зерттеді. З.Ф.Гусева өзінің бұрынғы зерттеулерін жалғастырып, 1950 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 1958 жылы кафедраның шәкірті Н.М.Беляева “Постнатальдік кезеңде адам бүйрегінің жас ерекшеліктері” тақырыбына кандидаттық жұмысын қорғады.

1957 жылы анатомия кафедрасынан ассистент Н.А.Урина, 1960 жылы биология кафедрасынан ассистент Х.Х.Мусабаева ауысып келді.

1959 жылы қыркүйек айында Е.Г.Троицкая зейнеткерлік демалысқа шығуына орай, кафедраның меңгерушілігіне жарияланған конкурстан өтіп, доцент А.В.Кирилличева тағайындалды. А.В.Кирилличева кафедраны 1971 жылға дейін басқарды. Бұл тұста кафедра көптеген жаңа құралдармен жабдықтандырылды, жаңа кадрлар іріктеліп алынды, оқу ісі көп алға жылжыды. Оның оқыған дәрістері көптеген жан-жақты материалдармен толықтырылды. Практикалық сабақтар сол кезең талабына сай жаңа бағдарламамен өткізіле бастады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарына гистогенез, ткандердің реактивтілігі, регенерация, эволюциялық динамика, тақырыптары кеңейтілді.

1960 жылы А.В.Кирилличева жылдар бойы зерттеген ғылыми жұмыстарының нәтижесінде докторлық диссертациясын қорғады. Ал 1962 жылы ассистент Х.Х.Мусабаева аскорбин және никотин қышқылдарының экспериментальді силикозға әсері, ал Е.П.Смирнова көкбауырдың лабораториялық жануарлардағы жас ерекшеліктерін зерттеп, 1964 жылы кандидаттық жұмысын қорғады.

4А.В.Кирилличева студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына баулу мәселесін мақсат етіп қойып, өзі бірнеше жылдар бойы студенттердің гистологиялық үйірмесіне жетекшілік етті. А.В.Кирилличева дайындаған 3 аспирант – Р.И.Юй, М.С.Калинина, Г.Ф.Федотовских кафедраның жалпы тақырыбы бойынша: Р.И.Юй – Адам және жануарлар онтогенезіндегі ұйқы безінің цитологиялық және цитохимиялық зерттеулері, М.С.Калинина – Метиониннің дәнекер ткандерінің реактивтік қасиетіне ықпалы, Г.Ф.Федотовских – Экстремальді факторлардың әсерінен бүйректің морфогистохимиялық өзгерістері тақырыптарына кандидаттық жұмыстарын табысты қорғады.

 

 

51971 жылдан 1983 жылға дейін кафедраны алматы Мемлекеттік медицина институтының шәкірті доцент Х.Х.Мусабаева басқарды. Ол практикалық сабақтарды жүргізудің бағдарламасына көп өзгертулер енгізді. Оқытушыларға және студенттерге арналған әдістемелік нұсқаулар әр мамандық ерекшеліктеріне сай ескеріліп факультеттерге жеке-жеке құрастырылды.

Х.Х.Мусабаеваның жетекшілігімен кафедра қызметкерлері Д-витамин жетіспеушілігі және аминоқышқылдық дисбаланс мәселелерін талқылап, сонымен қатар, қалыпты қоректенудің гистогенезіне және ішкі мүшелердің құрылымына әсерін зерттеді.

Доцент Р.И.Юй 1988 жылы “Иондық сәулелердің және динамикалық факторлардың бірігіп, ішкі мүшелердің форфофункционалдық күйіне әсері” деген тақырыпқа докторлық диссертация қорғады.

81983-1998 жылдары кафедраны Алматы Мемлекеттік Медицина институтының түлегі, медицина ғылымдарының докторы, профессор А.С.Толыбеков басқарды. А.С.Толыбеков Ленинградтың эксперименттік медицина институтында аспирантура мен докторонтураны бітірген. Ол кісінің келуімен кафедра ұжымы “сыртқы орта факторларының ағзаға әсері” деген тақырыпта зерттеу жұмыстарын бастады. Фосфор бағдарламасы бойынша 2 докторлық және 2 кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Москваның 1-медицина институтымен біріге отырып, кафедра оқытушылары “Гистология, цитология және эмбриологиядан лабораториялық сабақта (М.1990 ж)” деген еңбекті

жарыққа шығарды.

1998 жылдың қыркүйегінен бастап кафедра меңгерушісі болып профессор Р.И.Юй қызмет істеп келеді. Р.И.Юйдің басшылығымен басталған ғылыми мәселе – сыртқы ортаның өзгеруіне байланысты ішкі мүшелердің тәуліктік ритмінің цитологиялық негіздерін зерттеу – жалғасын табуда. Осы мәселе бойынша 3 кандидаттық диссертация қорғалды. Кафедрада әдістемелік жұмыстарға көп көңіл бөлінеді.

Соңғы 2 жылда суреттерімен қоса 2800 оқу және емтихандық тест құрастырылды. Цитология, эмбриология, жалпы және жеке гистологиядан оқытушылар үшін әдістемелік нұсқау, практикалық сабаққа өздігінше дайындалу үшін әдістемелік нұсқау жарық көрді. «Қоғамдық денсаулық сақтау» 2008ж, «Жалпы медицина» 2008 жыл және «Стоматология» 2008 жыл, мамандықтары бойынша типтік оқу бағдарламасы жарыққа шықты. 1996-2001 жылы профессор Р.И. Юй стоматология факультетінің студенттері үшін орыс және мемлекеттік тілде «Тіс пен ауыз қуысының гистологиялық негізі» тақырыбында оқулық шығарды. Аға оқытушы Ж.О. Аяпованың қазақ тілінде оқытушылар үшін цитология және эмбриология, гистология бойынша әдістемелік құралы (2003ж), Гистология оқулығы (2007ж) шықты. Р.Б. Абильдинов, Ж.О. Аяпова және Р.И.Юйдің «Цитология және эмбриология, гистология атласы» орыс және қазақ тілдерінде жарыққа шықты.

Р.И.Юй және Л.И. Наумованың қазақ және орыс тілдерінде «Гистология-1 бойынша тестік тапсырмалар» және «Гистология-2» бойынша тест тапсырмалары» (2009) оқу құралы жарық көрді. Кафедра құрылғалы бері 950-дей ғылыми жұмыс, олардың 26-сы оқу құралдары мен монография, 6 докторлық және 25 кандидаттық диссертация, 4 патент, кафедра халықаралық симпозиумдар, конференцияларға және съездерге белсенді қатысып тұрады.

Университет мерейтойын оқу, әдістемелік, ғылыми, тәрбие және қоғамдық жұмыстар бойынша үлкен жетістіктермен қарсы алады.

7

 

С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің Гистология кафедрасының тәрбие жұмысы.

Ойы озық, жетік тәрбие тереңіне үңілсек…….

С.Д Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің гистология кафедрасында тәрбие жұмысы «тәрбие мен білім ұштасқан » принципіне сәйкес жұмыс атқарады.

Ұлы ақын Абайдың қара сөзінде жазылғандай «Ғылым-білімді әуел бастан өзі бала –ізденіп таппайды, басында зорлықпен яки алдаумен үйір қылу, үйрене келе өзі іздегендей болғанша» — дегендей кіші курстарда негізі қалыптасатындықтан тәрбиеге баулу, тереңдету, сапала-саналы тәрбиені қалыптастырудың негізгі бастамасы бізден басталары сөзсіз.

1 қыркүйек – білім күнінен бастап «Жігерлен сілкін — қайраттан» насихатын ұран етіп, мәдени мінез құлықты қалыптастырып, кеңейтіп, тереңдету жолында маңызды роль атқарушы тәрбие ісінің бірі – практикалық іс-тәжірибемен байытып, студент бойындағы жақсы әдет дағдылардың мықтап орын алуы үшін түрлі деңгейде өтетін іс-шараларды жетілдіріп, жүргізіп отырамыз. Тәрбие басы дене тәрбиесі екені бәрімізге мәлім, сондықтан да серпіліс әкелетін игі-шараларды атқару біздің студенттерімізге Қазанның 15-ші жұлдызында өткен Қызылағаш оқиғасынан кейінгі «Табиғи апатқа дайынсыз ба?» деп аталған университет деңгейіндегі оқу жаттығу ретіндегі қойылым болды, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуден бастап, сақтық шаралары, улы қосындылардан сақтандыру, терроризм әрекеттеріне және өртті ауыздықтауда біздің студенттер өз біліктіліктерімен дайындықтарын көрсете білді.

1986 жылғы қанды қозғалыстың өткеніне 20 жыл болыпты. Егемендіктің 20 жылдығына байланысты «Желтоқсан желі» атты жігерлі жас қайраттың өмірінен үзінді қойылып, сол бір қыстың ызғарлы күнінде алаңға шығып, шындықты жария салған жастарды еске алып, үнсіздік жариялап, патриоттық рухтағы тағы бір кезектегі кешті өткіздік. Көптен күткен жаңа жыл кешін де сипаттамау болмас, «Аш қасқыр мен тапқыр қоян болып» Аяз ата мен Ақшақар би билеп, ән салып, қызыл қоржынындағы тәтті кәмпиттерді оңды-солды шашып, мыстан кемпірдің арбауына алданбай шырша отын уақтылы үлгеріп жағып, би кешіне ұластырған сиқырлы пері де кеш қызығын әсерлеп әкетті. «Қазақ халқының тілі мен салт -дәстүрлері » атты кешті біздің студенттеріміз өз ұлтын құрметтеп, салт дәстүрін жетік білетіндерін 2 топ болып, өз ұрандарын сайлап, сөз шеберліктерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салып сайысқа шықты. Ұлтымыздың негізгі салт дәстүрлері тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесуден бастап, бесікке салу, сүйінші қадау, ат шабтыру, құда түсіп, құйрық бауыр асатып, сырға салу, көкпар беру, асық ойнап, ақ сүйек тастап, алтыбақан тебу осы сайыста көрсетілді. Бұл мерекеге университетіміздің Жалпы медицина факультетінің деканы Р.Т.Жұмашева факультет орынбасарларымен және физиология, анатомия кафедраларының аға кураторлары шақырылды.

Келесі мереке Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибрахим) Құнанбаевтың туғанына 165 жылдығына орай өткен «Абай шығармалары» атты ән-жыр кеші болды. Абай мен Әбдірахман арасындағы «Әке мен бала» әңгімесін тыңдағанда сол Абай заманына барып қайтқандай болдық. Абай еңбектерінен көрме ұйымдастырылып, қара сөздері оқылып, «Көзімнің қарасы» шырқалды. Кафедрамызда Көктем жыл басы деп Наурыз мейрамы да ән-күйімен еленіп «Армысың Әз-наурыз» кеші болып, Аналар мейрамы да мерейлі тұрғыдан аталып өтті.

Жеңіс күні де ескерусіз қалған жоқ, кураторлар өз студенттерімен еске алу кешін ұйымдастырып, баласынан қара қағаз алып, ақ жаулықтың астында шашы ағарған «Ана туралы» қойылымдарын көрсетті.

Біздің кафедрамызда қандай кеш өтсе де бағдарламалар, презентациялар жасалып, электронды түп нұсқалары сақталады.

Елеулі оқиғалардан қалып қоймай, жастарды білім мен ғылымға бейнелеу кезеңінде оны тәрбиемен ұштастырып, ой-өрістің рухани баюына үлес қосу тікелей міндетіміз деп білеміз. Гистология кафедрасының аға кураторы Есимова Г.К.